Сайттар

Қол жетімді баспана -2020

 
30.08.2017 00:00

Құрметті қапшағайлықтар, қадірменді ағайын!

Азаттығымыздың айшықты айғағы болған Ата  Заң – Тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы!      Баршаңызды осы ұлық мереке  –  Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын!

“Көптің сөзі – киелі”, дейді дана халқымыз. Ел-жұрттың талқысынан өтіп, таңдауына айналған Басты құжатымыздың авторы – бүкіл Қазақстан халқы.

Ғасырлар тоғысында әлемдік өркениеттің шыңына ұмтылған Қазақстан халқы тарихи да тағдырлы шешім қабылдап, жасампаз жаңа дәуірге қадам басты. Ата Заң біздің бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды.

Конституция  адам  мен  азамат  қатынастарының қағидаттары мен нормаларын бекітті, қазақстандық қоғамның алдындағы мақсат-межелер мен әлемдік қоғамдастықтың алдындағы бастапқы міндеттерді қалыптастырды, Қазақстан халқының егемен құқықтарын негіздеді. Бүгінгі күні Қазақстанда ішкі тұрақтылыққа қол жеткізіп, әлеуметтік даму базасының сенімділігі қамтамасыз етілді, өңірдегі ең үздік экономика құрылды. Өркенді дамуымыздың басты құжатына айналған, бүкіл халық болып қабылдаған  Ата  Заңды  құрметтеу  біздің  міндетіміз  әрі  парызымыз.

Көптеген елдер Конституцияның қабылданған күніне үлкен маңыз беріп,  ұлттық  мереке  ретінде  атап  өтеді. Өйткені, мемлекеттің  құқықтық  негіздерін,  оның  саяси  жүйесін,  азаматтарының құқығы мен бостандығын баянды еткен Ата Заңның рухы әрқашан да асқақ болады. 

Қазақстанның әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан Қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды. Мұның өзі біздің Ата Заңымызда бүкіл адамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің барлығы қамтылғанын айғақтайды.

Біз ұлан-ғайыр байтақ даланы ақ білектің күшімен қорғап қалған батыр бабаларымыздың асқақ аманатына адал болуымыз керек. Олар елі азат, жері тұтас қуатты мемлекет құруды аңсады. Осы арманды ақиқатқа айналдыру бақыты біздің ұрпаққа бұйырды. Елімізді әлемнің алдыңғы қатарлы 30 мемлекетінің қатарына қосып, қарқынды дамытып өркендете беру – біздің қастерлі де қасиетті борышымыз!

Құрметті  қапшағайлықтар!

Конституция біздің басты құндылықтарымызды – Тәуелсіздікті, Бейбітшілік пен Тұрақтылықты ғасырларға бекітті. Барша мемлекеттік институттардың, әрбір қазақстандықтың парызы – осы құндылықтардың қырағы күзетінде болу. Баршаңызды Конституция күнімен құттықтай отырып, зор денсаулық, шаңырақтарыңызға шаттық, әрқашан сәттілік тілеймін! Мерекелеріңіз құтты болсын!

 
 

Күннің сұрағы

Как вы относитесь к электронному документообороту?
 
© 2017 Блог АКИМА города КАПШАГАЙ. Все права защищены.
Все права защищены — 2013 Блог АКИМА города КАПШАГАЙ.